Алматыда электр самокаттарымен болатын жол апаттары 4 есе көбейді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаз айларында электр самокаттарына қатысты жол-көлік оқиғасы 4 есеге артты. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Спикердің сөзінше, Алматыда микромобильді көлік құралдарын пайдалану бойынша күрделі жағдай қалыптасты.

«Жасыратыны жоқ, қала тұрғындары микромобильді көлікте жол жүру ережелерін жиі бұзады, жаяу жүргіншілерге және жол жүрісіне басқа да қатысушыларға қолайсыздық туғызады. Статистика мәліметі бойынша, жаз басталғалы аталған көліктермен болған жол апаты 4 есеге көбейді, - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, жол апаттарының денінде самокат немесе мопедтерді кәмелетке толмаған жасөспірімдер басқарады.

Қазір электр самокаттарының көлік құралы ретіндегі статусын реттейтін стандарт әзірленді.

«Жол жүрісі туралы» Заңға өзгерістер енгізу көзделген, онда электр самокаттарын басқаратын адамдардың құқықтары да, міндеттері де нақты жазылатын болады. Соның салдарынан өзгерістер Жол қозғалысы ережелері мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қатысты болады. Бұл – уақыт талабы. Бұл нормалар жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіздігінің кепілі болады»,- деп атап өтті С. Әзірбек.

Электр самокаттарын жалға беру қызметін ұсынатын компанияның сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Даниил Капцаның сөзінше, самокат – қауіпсіз. Алайда, жауапсыз жүргізу – қауіпті.

«Талапты бұзатын бірініш жағдай – бір самокатта екі адамның қозғалуы. Бұл өте қауіпті, өйткені іс жүзінде екі жолаушы, олардың жалпы салмағына қарамастан, самокаттың тұрақтылығы мен басқарылуын едәуір төмендетеді, апат ықтималдығын арттырады. Сондықтан қызмет көрсету ережелерінде мұндай сапарларға тыйым салынады, айыппұл қарастырылған.

Екінші жағдай – жаяу жүргіншілер өткелінен өту. Самокаттармен болатын жазатайым оқиғалардың көпшілігі тротуарлар мен автомобиль жолдарының қиылысында орын алады: әзірге барлық автокөлік жүргізушілері жаяу жүргіншілер өткелінде самокаттардың кенеттен пайда болуына дағдыланбаған, бұл көбінесе жазатайым оқиғаларға әкеледі. Қауіпсіздік мақсатында әрбір адам жаяу жүргіншілер мен автомобиль жолдарының қиылысында самокаттан түсу керек.

Талапты бұзатын үшінші жағдай – самокатқа балалардың мінуі», - деді ол.

Бұған дейін Алматыда электрлі самокатты пайдалануды үйрететін мектеп ашылғаны туралы жазған болатынбыз.

Сондай- ақ Қазақстанда самокаттарды пайдаланудың ұлттық стандарт жобасы әзірленгенін хабарладық.


Соңғы жаңалықтар