Алматыда «Еуразия» және «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивальдері бірге өткізіледі

Кинофестивальдердің шымылдығын кинорежиссер Ақан Сатаевтың «Хакер» атты жаңа қазақстандық-канадалық фильмі ашады. Бұл фильмнің басты рөльдерін австралиялық актер Каллэн МакОлифф пен америкалық актер Джек Николсонның қызы актриса Лоррейн Николсон сомдаған.
«Еуразия» 11-ші халықаралық кинофестивалі «Ұлы Жібек жолы: Шығыс пен Батыс мәдениетінің байланысы» деген тақырыппен өтеді. Бұл Қазақстаннның Еуропа мен Азия кинематографиясы аралығында ерекше орын алатындығын білдіреді. Фестивальдің басты мақсаты - Алматыда әр елдің кино мамандарының басын қосып, кинематографияның келешегін айқындау. Ұлы Жібек жолы тақырыбы ұрпақ сабақтастығын, ескі кино мен жаңа киноның байланысын, мәдениет пен жанрлардың, кино мектептерінің көп түрлілілігін аша түспек. Кинофестиваль Халықаралық кинопродюссерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) тарапынан аккредиттелген. «Еуразия» кинофестивалі аясында биыл тұңғыш рет «Шәкен жұлдыздары» фестивалі өтеді. Қазақ киноөнерінің негізін қалаушылардың бірі - Шәкен Аймановтың 100 жылдығы өткен жылдың соңында атап өтілген болатын. Бұл кинофестиваль Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің кино саласына қолдау көрсетуге бағытталған. Ондағы мақсат - ҚР кинематография саласын дамыту және насихаттау, ұжымдар мен жекелеген авторларды кино жұмыстарына тарту, қоғамның әуесқой киноға деген қызығушылығын ояту, кинематографистер арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және жақын және алыс шет елдердегі кино мамандарымен шығармашылық байланыс орнату. Екі кинофестиваль аясында келушілерге тосын сыйлықтар әзірленіп жатыр. Басты шаралар EsentaiMall сауда орталығында орналасқан көпзалды Kinopark кинотеатрында өтеді. Фестивальдердің барлық қызметтері, баспасөз орталығы және «EurasiaMeetings», киногалереясы да сонда орналасады. Сонымен қатар, мұнда баспасөз мәслихаттары мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. «Еуразия» халықаралық кинофстивалінде балалар мен жасөспрімдерге арналған көркем, деректі және қысқаметражды фильмдер көрсетілсе, «Шәкен жұлдыздары» фестивалінде Орталық Азия киносы бағдарламасы ұсынылады. Сонымен қатар, тұңғыш рет келішілер саны бойынша есеп жүргізіледі. Биыл «EurasiaMasters» білім бағдарламасына ерекше назар аударылып отыр. Осы бағдарлама аясында бірқатар шеберлік сыныптары өткізіліп, жаңа білім жобалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «EurasiaSpotlight: KazakhNextWave», іскерлік алаңы қызымет істейтін болады. Онда кино мамандары әлеуетті инвесторлармен, продюсерлермен, серіктестермен іскерлік байланыс орната алады. Фестиваль аясында Қазақстанның «Кино туралы» жаңа заң жобасы, Қазақстанға шет елдік инвестиция және түсіру топтарын тарту және басқа да мәселелер талқыланады. Екі кинофестиваль аясында «Ең үздік ойын фильмі», «Ең үздік режиссерлік жұмыс», «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік әйел адам рөлі» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымдары тағайындалды.