Алматыда Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға көмек көрсетуі мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті

ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға көмек көрсетуі мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті. Шараны ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.
Отырыс барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығының алғашқы жартыжылдығының қорытындылары, ұйымның Астанада өтетін саммитінің маңыздылығы, Қырғызстандағы оқиғалар мен ондағы қырғыз дағдарысының Орталық Азия елдеріне ықпалы мәселелері сөз болды.
ҚСЗИ директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, Қырғызстандағы гуманитарлық апат бұл елдің аймақтағы екінші Ауғанстанға айналу қауіптілігі бар ма деген мәселені тудырды. «Қырғызстанда ішкі мұсылмандық, ішкі түркілік қақтығыстардың куәгері болдық. Шілденің 16-17-де Алматыда өтетін ресми емес кездесу барысында бұл жан-жақты талқыланатын болады. Өйткені бұл мәселе нақты зерттеуді қажет етеді», деді Б.Сұлтанов.
Бұнымен қатар Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының алғашқы жартыжылдығының қорытындысы тұрғысында Қазақстанның белсенді жұмыс атқарғаны туралы айтылды.
«Қазақстан алғашқылардың бірі болып гендерлік теңдік, адам құқықтарын құрметтеу, мұсылмандықты шектемеу, толеранттық және ең бастысы, ЕҚЫҰ-ның өзінде құқықтық субьектілік мәселесін батыл көтере білді. Біздің еліміз тек қана төраға болған жоқ, көптеген мәселелерді көтеру арқылы ұйым жұмысына сілкініс әкеле білді», деді Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов.
Отырысты ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның табысты жұмысын бірқатар зерттеулер де айғақтайды. Оның бірі «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы - қазақстандықтардың көзімен» әлеуметтік зерттеуінде тұрғындар беделді ұйымға төрағалық пен ондағы атқарған жұмыстарды жақсы білетінін көрсеткен. «Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 53,2 пайызы Қазақстанның ұйымға төрағалығының жартыжылдығы табысты өткенін, 65 пайызы ұйымға төрағалық ел тарихындағы маңызды оқиға деп санаса, көпшілігі елдегі демократия мен адам құқықтарын нығайтады деп атап өтті», дейді ҚСЗИ директорының орынбасары Зарема Шәукенова.