Алматыда халықаралық автокөлік жолдарын дамыту мәселелері талқыланды (ФОТО)

Бұл басқосу Орталық Азияның тау жолдары бойынша халықаралық автошеру шарасы аясында ұйымдастырылды.
«Бүгінгі конференцияда халықаралық автокөлік жолдарын дамыту мәселелері талқыланды. Солардың ішінде халықаралық автотасымалдау шаралары барысында кездесетін әкімшілік кедергілер, шекарадағы кедендік рәсімдеу шараларының сәйкестілігі мен деңгейі, автокөлік жолдарының сапасы, қала берді жол қауіпсіздігі мәселелері талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Ал кеше Қазақстанның Қытаймен шекаралас жеріндегі Алтынкөл стансасынан Қорғас-Тұрсынзаде (Тәжікстан) аралығын қамтитын халықаралық автошеру басталды. Ол Қазақстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның таулы жолдары арқылы өтеді. Автошеру барысында жергілікті қалаларда бүгінгідей ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіледі. Онда жүріп өткен жолдардың сапасы, қауіпсіздік деңгейі және басқа да көрсеткіштері бойынша мәселелер қозғалады», - деді өз сөзінде «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов
М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және комуникация академиясында өтіп жатқан конференцияға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, Үкіметаралық жолшылар кеңесінің өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, сондай-ақ ТМД елдерінен келген сарапшылар қатысуда.
Конференцияның келесі отырыстары алдағы 4 маусымда Бішкек (Қырғызстан) және 9 маусымда Тұрсынзаде (Тәжікстан) қалаларында өтеді.