Алматыда халықаралық форумда құс шаруашылығын дамыту мәселелері талқылануда

«Бүгінгі форумның басты мақсаты - құс өндірушілерімізді осы салада болып жатқан өзгерістермен, ғылыми жаңалықтармен, технологиялармен жабдықтаушы компания басшыларымен таныстыру. Құс өнімдерін сататын жаңа нарықтар бойынша пікірлесу», - деді өз сөзінде Қазақстанның құс өндірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.
Сонымен қатар ол теңгенің еркін айналымға шығарылғандығы құс шаруашылығы саласына оң әсер ететінін айтты. «Кезінде бізде өндірілетін күркетауық етінің 40 пайызы Ресейге шығарылатын. Кейін рубль құнсызданып кеткен соң, жергілікті құс өнімдерінің бағасы арзандап кетті. Сөйтіп, бұл бізді Ресей нарығынан ығыстырып жіберді. Енді теңге еркін айналымға шығарылған соң, бағалар теңгерімі орын алады. Бұл бізге өнімдерімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Ресей нарығына бұрынғы деңгейде қайта шығамыз деген үмітіміз бар. Қазір сондай-ақ құс еті, жұмыртқа және өсімдік майын экспортқа шығару бойынша қытай және араб елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Р.Шәріпов. Айта кетелік, бүгінгі таңда елімізде 58 құс фабрикасы бар екен. Биыл 180-190 мың тонна құс етін және 5 млрд. жұмыртқа өндіру жоспарланған. Форум жұмысы бүгін кешке дейін жалғасады.