Алматыда І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалы ұйымдастырылады

Ерекше ауқымды шара кәсіби қуыршақ мамандары мен әуесқойлардың басын бір шаңырақтың астына біріктіреді. Қала тұрғындары мен қонақтары күн сайын қызықты қойылымдар мен дала думанын тамашалай алады. Бұл туралы бүгін Алматыда І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалының басталуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары айтты.
Фестиваль ұйымдастырушылары - Алматы қаласының әкімдігі, Мемлекеттік қуыршақ театры, Дүниежүзілік қуыршақшылар қауымдастығы және «Tanaris» кинокомпаниясы.
"Қуыршақ карнавалына 18 елден 21 қуыршақ театры ұжымдары қатысады. АҚШ, Швейцария, Португалия, Франция, Германия, Иран, Чили, Норвегия, Ресей, Испания, Италия, Румыния, Украина, Перу, Армения және тағы да басқа елдерден 100-ден аса қонақтар шақырылды. Мұндай салмақты шара кездейсоқ ұйымдастырылып отырған жоқ. «Алматы -2011 Дүниежүзілік қуыршақ карнавалы» - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылып отыр", - деп атап өтті Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Мәдениет Юсупов.
Оның айтуынша, «Өмір мерекесі» ұранымен өтілетін бұл шараның басты мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарының күзгі уақыттарын көңілді әрі пайдалы өткізуіне ықпал ету.
"Карнавал бағдарламасына Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі, Халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалінің салтанатты шеруі, шеберлік дәрістер, семинарлар, сондай-ақ балалар үйлері мен қарттар үйлері және емдеу мекемелері үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастыру енгізілді. Ең маңызды оқиға 1 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтан бастау алады. Ол күні саябақ 21 елден келген қонақтардың қатысуымен үлкен сахна алаңына айналады. 25 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматы қаласы Мемлекетттік қуыршақ театры ғимаратында және «Artишок» театрында Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтеді. Бұл жерде жұртшылық қуыршақ өнерінің тамаша туындыларының куәсі бола алады. Мұнда балаларға да, ересектерге де арналған қойылымдар көрсетіледі. Ал, Халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында өтетін болады. Өнер бәсекесі конкурстық жүйеде ұйымдастырылған. Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне төрелік етуге Тунис, Жапония, Чехия, АҚШ, Қытай және Қазақстаннан арнайы әділқазы мүшелері шақырылды. Қазылар алқасының төрағасы - Чехия елінің кино, телевидение және театр режиссері Род Петрович. Ал, Халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалінің жеңімпаздарын Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Кино және телевидение» факультетінің студенттері анықтайтын болады",-деді М. Юсупов. Мұнымен қатар, 28 Панфиловшылар саябағында күн сайын дала думандары ұйымдастырылады.
28 қыркүйекте АҚШ Елшілігінің қолдауымен Мемлекеттік қуыршақ театры ғимаратында «АҚШ қуыршақ өнері күні» өткізілмек. Бұл шараға қатысуға «Bits 'N Pieces», «Magical Moonshine» қуыршақ театрының мамандары және «Open Eye Figure» қуыршақ театрының актерлері арнайы шақырылған.
"Ал, 29 қыркүйекте 28 Панфиловшылар саябағында шетелдік ұжымдардың қатарында «Calle-96» куба мектебі «Carnival de Cuba» каранавалдық думанын тарту етеді. Сондай-ақ, 2 қазанда «Көктөбе» саябағында «Битлз» тобының ескерткішінің жанында барлық шетелдік ұжымдар әйгілі «Битлз» әуендерінің ырғағымен қуыршақ нөмірлерін көрсетеді",-дейді шараның ұйымдастырушылары.