Алматыда ІІІ Орталық Азия сауда форумы өтіп жатыр

АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің аумақтық экономикалық ынтымақтастық бойынша жобасының жетекшісі Виктор Продедовичтің айтуынша, Алматыда өткен 2-форумға да Орталық Азия мен Ауғанстаннан 300 адам қатысып, онда 1 млн. доллардың келісім-шарттары жасалған болатын. Ол сауданы дамыту мәселесіне арналса, бұл жолы экспорттық бәсекеге қабілеттілік тақырыбы сөз болмақ. Форумның пленарлық мәжілісі «Орталық Азия елдерінің экспорттық бәсекеге қабілеттілігі: реттеу, сауда және бизнесті дамыту» тақырыбына арналып, онда әр ел өзінің экспорттық бәсекеге қабілеттілігі туралы таныстырылымдарын жасайтын болады. Сондай-ақ «Орталық Азиядағы сауда саясатының ерекшеліктері», «Ауғанстанмен экономикалық ынтымақтастық: сауданы, инвестицияны, көлік пен логистиканы дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел жиындары мен кәсіпорындарды экспортқа дайындау туралы шеберлік-сыныбы өтеді. Форумның алғашқы күні «Орталық Азиядағы 2013 жылғы үздік экспортер» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталмақ. Ал ертең оның жұмысы әртүрлі семинарлар, дөңгелек үстел жиындары мен шеберлік-дәрістерімен қайта жалғасатын болады. Форум кезінде сонымен қатар 2 күні бойы сауда жәрмеңкесі өтеді.