Алматыда кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған семинар өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда АҚШ Бас консулдығының қолдауымен «Кедергісіз бизнес: Мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге арналған семинар» атты шара өтті. Оған Алматы қаласы мен Алматы облысынан 60-қа жуық мүмкіндіктері шектелген кәсіпкерлер қатысты. Бұл туралы бүгін АҚШ Бас консулдығының БАҚ, мәдениет және білім бөлімінен хабарлады.
Семинардың ашылу салтанатында АҚШ Бас консулы Тереза Гренчик қатысушыларды алдағы Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға табыстар тіледі.
«Семинардың мақсаты - мүмкіндіктері шектелген кәсіпкерлер арасындағы кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі дамыту. Оларды қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету. Ақыл-кеңестер беру. Сонымен қатар, мүгедектердің тауқыметіне қоғам назарын аудару», - деді Тереза Гренчик.
Ол сонымен қатар, Қазақстанның Мүгедектер құқығы туралы халықаралық Конвенцияны бекіткендігіне ризашылық білдірді.
«Өткен айда Қазақстан Мүгедектер құқығы туралы БҰҰ-ның конвенциясын бекітті. Бұл осы салада құқықтық негіздің қалыптасуы жолындағы өте оңды және маңызды қадам болып саналады. Біздің бағдарламамыздың мақсаты - Үкімет, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындар және қоғам арасына диалог орнату. Сол арқылы кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі адамдардың өз бизнесін дамытуға деген құқықтарын қорғауға көмек көрсету», - деді Т. Гренчик.
Семинарға үндістандық кәсіпкер және Нью-Дели қаласындағы Қол жетімді орта Ұлттық орталығының атқарушы директоры Анжли Агарвал қатысып баяндама жасады.
Айта кетелік, екі күнге созылған шара «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығымен бірге жүзеге асырылды.