Алматыда «Қазақ елі» анимациялық фильмі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілді
Қазақ мультипликациясының тарихындағы тұңғыш толықметражды «Қазақ елі» анимациялық фильмінің қайырымдылық көрсетілімінде сөз сөйлеген фильмнің продюсері және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов шараның басты мақсатын айтты.
«Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын жан жақты тойлауымыз керек. Жас ұрпаққа мағыналы дүниелерді көрсету, олардың санасында Тәуелсіздікке деген құрметті оятары сөзсіз. Бұл анимациялық фильм Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып жасалғанымен ел тәуелсізідігінің 25 жылдығында да көрсетіліп отыр. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тегін көрсетіп отырмыз. Туындыда Керей мен Жәнібектің ерлігі көрсетілген», - деді Сәбит Әбдіхалықов.
Ол сөз сөзінде «Қазақ елі» анимациялық фильмін аталған театрда көрсетудің негізгі себебін айтты.
«Біздің театрдың 10 актері «Қазақ елі» анимациялық фильмін дыбыстауға қатысты. Фильмді таратуды арналармен келісіп жатырмыз. Сатыбалды Нарымбетов бастаған кино мамандары бұл анимациялық фильмге жақсы бағасын берген», - деді Сәбит Әбдіхалықов.