Алматыда Қазақ-Өзбек дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті
АЛМАТЫ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстанның аймақішілік экономикалық байланысының әлсіреуінің басты факторы -кеңестік экономика жүйесінің қирауынан бастап жаһандануға қатысуы.
Бұл пікірін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Дәрия Мұхамеджанова Алматыда өткен «Қазақстан-Өзбекстан: дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауына 20 жыл» атты халықаралық ғылыми конферецияда білдірді.
«Қазіргі таңда Орталық Азия Ресей мен Қытайдың экономикалық басымдығы бар аймақ болып отыр. Қазақстанның сыртқы тауар айналымында ТМД елдері мен Қытайдың үлесі бірдей, ал Өзбекстаның тауар айналымында ТМД-ның үлесі Қытайдан 1,5 есеге жоғары. Жалпы Орталық Азия республикаларында сыртқы сауда құрылымындағы географиялық басымдық мынадай: Қытай - 26,1 пайыз, Еуропа одағы - 26 пайыз, ТМД -23 пайыз, Ресей - 13 пайыз, Орталық Азия - 5 пайыз», - дейді Д. Мұхамеджанова.
Оның пайымдауынша, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық өсімнің динамикасы мен келешегін анықтайды. Біріншіден, ЖІӨ мен Орталық Азияның аймақтық тауар айналымында олардың үлесі сәйкесінше 85 және 83 пайызды құрайды. Екіншіден, олар аймақтық сыртқы тауар айналымының 64 пайызын құрайды. Үшіншіден, аймақтағы негізгі сауда серіктестері. Орталық Азия елдерімен тауар айналымында Қазақстанда Өзбекстанның үлесі 46 пайыздан астам болса, Өзбекстанда Қазақстанның үлесі 58 пайыздан асады. Төртіншіден, олар аймақтың халықаралық мамандануын анықтайды. Олар мұнай, газ, мыс, радиоактивті және ілеспелі материалдардың, алтын мен бірқатар азық-түлік тауарларының аймақтық экспорттаушысы саналады.