Алматыда Қазақстан мен Германия қарым-қатынасына арналған отырыс өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шара 4-8 қыркүйек аралығында өтетін Алматыдағы Неміс үйінің 20 жылдығы мен Неміс қоғамдық қозғалысының 15 жылдығына арналған мерекелік шаралар аясында өткізіліп отыр.Отырыс барысында Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас, Қазақстандағы неміс диаспорасының оған әсері мәселелері сөз болды.Сонымен қатар Қазақстанның «Еуропаға жол», «Мәдени мұра», «Қазақстанға әлеуметтік көмектің Еуропалық үлгісін енгізу», «ҚР әлеуметтік қызметті дамыту», «Мемлекеттік тілді оқытуға халықаралық тәжірибені қолдану» бағдарламалары, биылғы Қазақстандағы Германия жылы мен келесі жылы болатын Германиядағы Қазақстан жылын өткізу туралы да кеңірек айтылды.
«Қайта оралу» ұйымы ұйымдастырған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясынан, Германия мен ТМД елдерінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысуда.
Германияның Федералдық ішкі істер министрлігінің өкілі Франк Вилленбергтің айтуынша, Германия Қазақстанның ДСҰ-ға енуі мен ЕҚЫҰ төрағалығын қызу қолдайды.Сондай-ақ Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы, Германия Қазақстанның Еуропадағы басты серіктесі.Екі елдің қарым-қатынасы күннен-күнге артып келеді.Ол бұған Германияның федералдық президенті Хорст Келердің Астанаға сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қоюы дәлел бола алады, дейді.
Шараға қатысқан Қазақстандағы неміс диаспорасының өкілдері еліміздегі өркендеу мен өрлеу дағдарысқа қарамастан, салиқалы түрде жалғасып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында ұйыған бірлік пен тірлік нығайып отырғанын, неміс ұлты да сол бақытты ұлттар арасында өмір кешіп отырғанын айтады.Бүгінде Қазақстанда 220 мыңнан астам неміс диаспорасы тұрады.