Алматыда Қазақстан мен Мысыр ЖОО арасындағы ынтымақтастық жайы талқыланды

АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда Мысыр Араб Республикасының (МАР) Қазақстандағы Елшісі Абдолла әл-Арнуси Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат ЖОО баспасөз-қызметіне сілтеме жасап. Университет ректоры Бақытжан Жұмағұловпен арадағы кездесуде ҚазҰУ мен МАР оқу орындарымен әріптестік орнатудың келешегі талқыланды. Абдолла әл-Арнуси Қазақстанның жетекші университеті тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлем бойынша жоғары беделге ие екендігін атап өтті. «Біздегі оқу орындарының сіздерден үйренер нәрселері көп. Біздің студенттеріміз ҚазҰУ-де жақсы білім алуда және осы арқылы өздерінің кәсіби мансабын сәтті құруда. Олар Қазақстанға қайтадан келуге әрқашан да дайын, бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екендігін көрсетеді», дейді араб Елшісі.Бұдан басқа, мысырлық тарап білім мен ғылым саласында өзара тиімді әріптестікке жол ашатын нақты кеңестер айтты. Мысалы, ҚазҰУ басшылығына бірлескен Қазақстан-Мысыр ғылыми орталығын құру туралы ұсыныс білдірді. Елшінің айтуынша, МАР био және ақпараттық технологиялар саласында күшті ғылыми және техникалық базаға ие, осындай орталық жаңа технологиялармен алмасу мүмкіндігін кеңейткен болар еді. Сондай-ақ Қазақстанда араб тілін оқытуға қызығушылықты арттыру жайы сөз болды. Абдолла әл-Арнуси бұл салада ынта білдіргендер үшін жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтып өтті. Оның пікірінше, ҚазҰУ Орталық Азиядағы араб тілінің орталығына айналуына мүмкіндігі бар. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Б. Жұмағұлов Мысыр тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерді жоғары бағалап, ЖОО басшылығынан қолдау табатындығын айтты.
Соңғы жаңалықтар