Алматыда Қазақстандағы алғашқы IРv6 зертханасы ашылды
АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің Қазақстан-Корея білім беру IТ орталығында әлемдегі 12-ші,
ал Қазақстандағы тұңғыш IРv6 зертханасы ашылды. Сондай-ақ 3 күндік "IРv6 хаттамасына көшу" тренингі басталды.
"Бұл шаралар Қ. Сәтбаев атындағы ұлтық техникалық университеті мен KazRENA қауымдастығының Еуропа бірлігінің жобасына сәйкес жасалып жатыр. Қолданыстағы IРv4 хаттамасының қазір әлеуеті түгесіле бастады. Бүгінгі таңда әлемнің бірқатар елдері IРv6хаттамасына көшуге әзірлену үстінде.Бұл 2 өлшемді кеңістіктен 3 өлшемді кеңістікке ауысумен бірдей. Ол ғаламтор технологиясының мүмкіндігін ұлғайтады. Оның қандай болатынын қазір көзге елестудің өзі қиын", - дейді KazRENA қауымдастығының Бас директоры Борис Жапаров.
Оның айтуынша, "IРv6 хаттамасына көшу" тренингі де Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның өтуіне бүкіләлемдік ғаламторды құрушылардың бірі саналатын профессор Питер Кирштайн ұйтқы болған еді. Оның ақпараттық технологиялық коммуникацияларды дамытудағы ерен еңбегін ескере отырып Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің Ғылыми кеңесі жоғары оқу орнының Құрметті профессоры атағын беру туралы шешім шығарды. Шешімді тренингке қатысушылар алдында оқып берген университет ректорының міндетін атқарушы Сәрсен Жүсіпбеков П.Кирштайнға Құрметті профессор мантиясы мен дипломын салтанатты жағдайда табыс етті.