Алматыда Қазақстандағы Германия жылы аясындағы шаралардың алғашқысы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Германиядағы Қазақстан жылы жетістікпен өткеннен кейін, біз осы бағдарламаға тиянақты дайындалдық. Біз де бұл жылдың жетістікпен өтуіне үмітпен қараймыз. Біз қазақстандықтарды жаңа, заманауи Германиямен таныстыру мақсатында, Қазақстанның барлық қалаларында әр түрлі шаралар өткізіп, оның жаңа бейнесімен толыққанды таныстырғымыз келеді", деді Алматыдағы Германия Федеративті Республикасының Бас елшісі Герольд Амелунг. Оның айтуынша, ашылған көрме 20 жыл бұрынғы оқиғаларды әсіресе, Берлин қабырғасы құлаған кезді еске салып, сол жылдарға қайтарады. "Көрме әркімге ұмытылмайтындай ерекше әсер қалдырар деген үміттемін", деді Герольд Амелунг.
Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов "Қазақстан Германиямен әріптестік орнатқанына өте қуанышты. Екі ел арасындағы қарым-қатынас, екі мемлекеттің басшылары белгілеген бағыт бойынша дамиды деген үміттемін", деп атап өтті.
Көрмеге Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Германия елдерінің бүгінгі заман фотосуреттері және бейнеөнерлері қойылған. Ондағы ашық көркем бейнелерде осы елдерде 1989-2009 жылдар аралығында болған саяси-қоғамдық оқиғалар айтылады. Авторлар 20 жылдың арасындағы өзгерістерді көрсеткен. Экспозициялар отбасы, саясат, ұқсастық, көшіп-қону тақырыптарына бөлініп қойылған. Сонымен қатар, Германияда 1989 жылы болған оқиға басқа елдерге, Кеңес Одағына әсер еткендігі жайында суреттер де көп қойылған.
Көрме наурыз айының 24-іне дейін өтеді.