Алматыда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жобасы таныстырылды

«Қорғас» ШМЫХО» АҚ-ның құрылыс жөніндегі вице-президенті Эдуард Шиннің айтуынша, аталмыш жоба бойынша қазіргі таңда Қазақстанда 37,2 млрд. теңгенің инвестициясы игерілді.
«528 гектар аумақта жүзеге асырылатын бұл жобаның 185 гектары Қазақстанда, 343 гектары Қытай аумағында болады. Қазіргі таңда қытайлық бөлікте 80 мың шаршы метрлік сауда орталығы және қазақстандық бөлікте «NRG» ЖШС-нің сынақтық сауда алаңы жұмыс жасауда», - деді Э.Шин.
Оның айтуынша, мемлекеттік инвестиция есебінен 18 сәуірде орталық өз жұмысын бастады. Онда 2011 жылдың желтоқсанында тәулігіне 10 300 жолаушыны өткізе алатын нысан іске қосылған еді. Биыл жылдың екінші жартысына қарай тәулігіне 500 автомобильді өткізу мүмкіндігі бар нысан пайдалануға беріледі. Ал 2014 жылдың аяғында инфрақұрылымдардың негізгі нысандары толық аяқталады. Қазіргі таңда орталық жобасына тартылған 73,8 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттік инвестицияның 36 млрд. теңгесі және 309,1 млрд. теңгені құрайтын жеке инвестицияның 1,2 млрд. теңгесі игерілді. Жоба бойынша мемлекет қаржысы 2016 жылға дейін, ал жеке инвестициялар 2018 жылға дейін толық игеріледі деп жоспарлануда.