Алматыда коронавирусқа шалдыққан мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден берілуі мүмкін
Алматы мәслихаты «Алматыда пандемия кезеңінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы» жобаны көпшілік талқысына ұсынды.
«Әлеуметтік көмек біржолғы ақшалай төлем түрінде пневмония және коронавирус індетімен ауырған адамдарға 50 000 теңге мөлшерінде көрсетіледі» делінген құжатта.
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары:
1)Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерi;
2) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кем дегенде алты ай еңбек еткен және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы КСРО орден-медальдарымен марапатталмаған, аталған санат бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын тұлғалар;
3) Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11 бабының 1 тармағына сәйкес зейнет жасына толған ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер;
4) мүгедек балаларды тәрбиелейтін отбасылар;
5) бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер;
6) асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы алатын отбасылар;
7) үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызбасты зейнеткерлер;
8) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар;
9) аз қамтылған отбасылар.
Құжатқа сәйкес, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тек азық-түлік жиынтығы беріледі, ол үшін олар тұрғылықты жері бойынша аудан әкімшілігіне жүгінуі керек.