Алматыда меншік иелерінің бірлестіктерін құру бойынша ақпараттық орталық ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Алсеко» акционерлік қоғамы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің қолдауымен арнайы ақпараттық орталықты іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда меншік иелерінің бірлестіктерін құру бойынша ақпараттық орталық ашылды

ҚР Индустрия инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың айтуынша, аталған орталық Меншік иелерінің бірлестіктері, қарапайым серіктестік және пәтер иелері кооперативтері төрағаларына олардың қызметіне қатысты мәселелер бойынша, сондай-ақ тұтынушыларға ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді.

«Цифрлық экожүйе шағымдар мен өтініштерді жіберу мүмкіндігі есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Меншік иелері ақпараттандыру объектілері арқылы үйді басқаруға қатыса алады, сондай-ақ үйдегі барлық жұмыс бойынша ашық деректерге қол жеткізе алады», - деп атап өтті ҚР Индустрия инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол.

Бұған дейін комитет төрағасының орынбасары, елдегі көппәтерлі үйлердің 90 пайыздан астамы басқарудың жаңа формасына көшкені туралы айтқан болатын.