Алматыда ПИК қызметіне қоғамдық бақылау орнатылатын болады - Б. Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ПИК қызметіне қоғамдық бақылау орнатылатын болады. Бұл туралы бүгін Алматыда Орталық коммуникация қызметінің филиалында Ұлт жоспары - «100 нақты қадамды» орындауда аралық кезеңде жүзеге асырылған істерді қорытындылау бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

Алматыда ПИК қызметіне қоғамдық бақылау орнатылатын болады - Б. Байбек

«Алматыда Пәтер иелері кооперативтері көп жағдайда тұрғындардан жиналған қаржыны мақсатсыз жұмсаумен, бөгденің мүлігін иемденумен айналысады. Мысалы, бір пәтер иелері кооперативі тұрғындарға қарсы соттасу барысында адвокатты жалдауға 300 000 теңге жұмсаған. Ал бұл тұрғындардан өздерінен жиналған қаражат! Бүгінде Алматыда Пәтер иелері кооперативтері жылына тұрғындардан 7 млрд. теңге жинайды. Ал бұл соманың 90 пайызын олар өздерінің шығындарына, ал 10 пайызын тұрғындардың қажеттілігіне жұмсайды. Ал заң бойынша, тұрғындардан жиналатын қаржының 70 пайызы тұрғын үйлердің күтіміне, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеу жұмыстарына жұмсалуы тиіс. Демек, егер ПИК шығындарды лайықты жұмсайтын болса, тұрғындардан мұншалықты көп шағымдар түспес еді. Сондықтан, біз енді ПИК қызметіне қоғамдық бақылау орнататын боламыз. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары тартылады», - деді Б. Байбек.

Айта кетелік, 2015 жылы Алматы қалалық ішкі істер департаменті ПИК-терге қатысты 17 қылмыстық іс тіркеп, 129 әкімшілік хаттамаларын толтырған. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 6 млн. 629 мың теңгені құрады және күні бүгінге дейін бұл сома мемлекет пайдасына өтеліп алынды.

Ал, 2016 жылдың І тоқсанында ПИК-терге қатысты 3 қылмыстық іс тіркеліп, 36 әкімшілік хаттамалар толтырылды. 2 млн. 121 мың теңге айыппұл салынды. Әзірге бұл соманың 1 млн. 558 теңгесі, яғни 73,5 пайызы төлеттірілді.