Алматыда сауданы және кеден реформаларын ырықтандыруға қатысты алқалы жиын өтуде
АЛМАТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Экспорттық серіктестік» бастамасы бойынша ЮСАИД-тың Сауданы және кеден реформаларын ырықтандыру жобасы бойынша Орталық Азия елдерінің іскер адамдарының қатысуымен алқалы жиын өтіп жатыр.
ЮСАИД-тың Аймақтық сауда және кеден реформаларын ырықтандыру жобасының эспорттық менеджері Руслан Саралиновтың айтуынша, бұл жоба қазір Орталық Азия елдерінде тек Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда олар оған өзге Орталық Азия елдері мен Ауғанстанды тартуда.
«Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы - эспорттық операциялар бойынша тренингтер өткізу. Мәселен логистика, халықаралық бизнес, жаңа тұтыну нарығына шығу және тағы басқалар. Бүгін бізде 3 күндік тренинг басталды. Келесі сессиялар наурыз, сәуір айларында өтеді. Жобаның басты мақсаты - экспорттық серіктестік құру», - дейді Руслан Саралинов. Бұл тренингтерден кейін олар Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне өз ұйғарымдарын ұсынбақ. Оның пайымдауынша, қазір іскер адамдарда Орталық Азия елдерінің нарықтары туралы қажетті ақпараттар тапшы. Қазақстандық кәсіпкерлер көршілес өзге елдердің нарығы туралы мағлұматы аз. Өзге елдерде де жағдай осындай.