Алматыда тегін құқықтық қызмет көрсететін орталық ашылды
«Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін құқықтық қызмет көрсету орталығынан қала тұрғындары нақты іс бойынша өздеріне қажет барлық ақпараттарды біле алады. Жұмыс форматы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ұқсас, келушілер алдымен рецепшннен өтіп, кеңес алады. Содан соң өздерін толғандырған мәселе бойынша операторларға барады, олар келушілерді прокурорларға, адвокаттарға, медиаторларға және басқа да мамандарға жібереді. Заңгерлік қызмет тегін көрсетіледі.
Құқықтық қызмет орталығының жалпы көлемі 600 шаршы метр, ол заманауи инженерлік-техникалық қондырғылармен жабдықталған. Жайлы кеңседе электронды кезек жүйесі, «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы, күту залы және басқа қажетті инфрақұрылымдар бар. Орталық қабырғалары шыныдан жасалған, ол құқық қорғау құрылымдарының ашықтықтығын, жариялылығын қамтамасыз етеді.
«Таяуда ғана біз қалада түрлі нормативті - құқықтық актілермен регламенттелмеген әрі тұрғындардың түрлі мәселелерін шешуге көмектесетін «Open Almaty» қоғамдық қабылдауын ашқан едік. «Бір терезе» қағидасы бойынша түрлі кеңестер алуға, мемлекеттік органдарға өздерінің өтінімдерін берулеріне болады. Бұлардан өзге, қалада «Visit Almaty» туристік- ақпараттық орталығы да ашылды. Қалаға келген әрбір шетелдік қонақ өзіне қажетті мәліметтерді алады және оларға түрлі кеңестер беріледі. Құқықтық қызмет көрсету орталығының да мемлекеттік органдардың тиімділігін, ашықтығын және есеп беруін жақсартудың маңызды құралына айналатындығына сенімдімін», - деп атап өтті Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов орталықтың негізгі міндеттеріне тоқталды. Орталық міндетіне құқық қорғау жүйесіне деген сенімділікті күшейту, бюрократтықты және әкімшілік кедергілерді жою, құқтық қызметті қолжетімді ету, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыру секілді қызмет түрлері кіреді.
«Орталықтың міндеті сапалы құқықтық қызмет көрсету. Әрбір алматылық құқық қорғау орталығына келген соң сапалы көмек алатынына сенімді болуы тиіс. Бізді қолдаған және орталықтың ашылуына барлық жағдайды жасаған Алматы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Орталық қызметкерлерінің басты міндеті - сапалы қызметті қамтамасыз ету», - деді Ж.Асанов.
Бас прокурор Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына айрықша назар аударатынын, осыған орай қазіргі кезде ведомствода барлық қылмыстық және әкімшілік процестерді цифрлы форматқа көшіру үшін ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын айтты.