Алматыда ТМД, ЕурАзЭҚ және Кеден одағы құзырлы органдарының отырыстары басталды

Екі күнге созылатын бұл шара ТМД Экономикалық кеңесінің мәжілісімен басталды. Онда Достастық елдерінің экономикалық ынтымақтастығын одан ары дамытуға қатысты мәселелер талқыланып, бірқатар жобалар қаралуда. Олардың ішінде ТМД-ға мүше-мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі инновациялық ынтымақтастығының мемлекетаралық бағдарламасының жобасы, Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидалары туралы келісім жобасы, Еркін сауда аймағы туралы келісім жобасы мен тағы басқа да түрлі құжаттар бар. Сондай-ақ ТМД Экономикалық даму стратегиясының 1-кезеңіндегі (2009-2011ж.ж.) шараларды жүзеге асыру жоспарының орындалуы барысын талдау, ТМД Көлік дәліздерін үйлестіру комитеті туралы ереженің жобасын қарау және ТМД-ның бірқатар нормативтік құқықтық құжаттарына өзгерістер енгізу де жоспарланып отыр.