Алматыда «TQM Kaz-2012» сапа менеджерлерінің халықаралық VII форумы болады
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - 27-29 маусым күндері Алматыда өтетін VII халықаралық форум қазақстандық кәсіпорындарда, мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік салада, экономиканың әртүрлі саласында менеджменттік құралдар мен заманауи әдістемелердің
қолданылуын, сондай-ақ еліміздегі инновациялық және стратегиялық шешімдерді қабылдауда сапа мәселесі, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуде менеджменттік әдістемелер мен оны жетілдірудің алғы шарттарын топтастырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында шақырылуда. Бұл туралы Сапа менеджерлері мен аудиторларының халықаралық қауымдастығы хабарлайды.
Форумға қатысушылар өз әріптестерімен сапа менеджменті төңірегінде өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, дамыған елдердің іс-тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік алады. Форум жұмысына әлемнің әр тілінде ғылыми еңбектері жарық көрген, жер шарының барлық өңірлеріндегі мыңдаған ұйымдар мен өнеркәсіпте кең қолданысқа ие болған әлемге танымал оқымыстылар мен сапа мамандары қатысады.
Әлемге танымал ғұлама сапа сарапшылары, халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Жапония, АҚШ, Филиппин, Жаңа Зеландия, Өзбекстан, Қазақстан және де өзге елдердегі сапа менеджмент үлгісінің авторлары түйінді баяндама жасайды.
Олардың қатарында Токио университетінің машинажасау мектебінің профессоры (JSQC) Жапондық сапа бақылау қоғамының президенті, Деминг бағалау комитетінің төрағасы, (АҚШ) сапа академиясының вице-президенті Ешинори Иизука (Жапония), Вьетнамда сапа мен стандарттаудың БҰҰ техникалық бас кеңесшісі, Американдық сапа қоғамының мүшесі ұлттық кеңесшісі, Азия-Тынықмұхит сапа ұйымының құрметті бас хатшысы Мифлора Гатчалиан (Филиппин), Африкандық және Тынықмұхит аймағы, Азиаттық даму орталығы, Филипиндік өндіріс қатынастары қоғамының құрметті президенті, Quality Partners Co Ltd басқару төрағасы Хосе Гатчалиан (Филиппин) және тағы да басқа ғалымдар бар.
Форумды Метрология және техникалық реттеу комитеті, Қазақстан Республикасы жаңа технологиялар мен индустрия министрлігі, сапа аудиторлары мен менеджерлерінің халықаралық қауымдастығы (МАМАК, Қазақстан), «Интерсерт Консалтинг» компаниялар тобы (Қазақстан, Өзбекстан), «InterCert» сертификаттау орталығы (Қазақстан, Өзбекстан) ұйымдастырып отыр.