Алматыда Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» орындау үшін арнайы комиссия құрылды - Б. Байбек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Орталық коммуникация қызметінің Алматыдағы филиалында қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен Ұлт жоспары - «100 нақты қадамды» орындауда аралық кезеңде жүзеге асырылған істерді қорытындылау бойынша баспасөз мәслихаты басталды.
Оған Алматы қаласы әкімі аппараты мен басқармалардың, сондай-ақ, аумақтық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес субъектіліренің басшылары, БАҚ өкілдері қатысуда.
Өзінің алғы сөзінде қала басшысы Алматыда «100 нақты қадамды» орындауда бірқатар шаралардың жүзеге асырылып жатқандығын мәлімдеді.
«Алматыда Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» орындау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына елге танымал белгілі тұлғалар енді. Бес институтционалды реформаны жүзеге асыруда басты мақсат - экономиканы тұрақты түрде дамыта отырып, қуатты мемлекет қалыптастыру және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену. Бұл жолда реформаларды жүзеге асыруда Алматы қаласы үлгі болуы тиіс. Біз дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Ұлт жоспары - «100 нақты қадамды» орындау - Қазақстан үшін дамудың жаңа тарихи кезеңі. Әрине, еліміздегі институционалдық реформа қиын кезеңде өтуде. Әлемдік дағдарыстың кезекті толқыны көптеген елдердің алдына күрделі мәселелер қойып отыр. Дегенмен, дағдарыс - бұл мүмкіндіктер тетігі. Ұлт жоспары шеңберіндегі институционалдық реформалар Алматы қаласының инновациялық, мәдени және туристік орталық ретіндегі әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Бұл үшін бізде белсенді азаматтық қоғамның әлеуеті жетеді», - деді Б. Байбек.