Алматыда «Ұрпақтар үшін орманымызды сақтайық» атты ұранмен «Саябақтар шеруі-2011» акциясы өтеді
АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы ерекше қорғалатын аумағында 22 наурыз бен 22 мамыр аралығында
осымен 14-ші рет «Ұрпақтар үшін орманымызды сақтайық» атты ұранмен «Саябақтар шеруі» акциясы өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарланды.
«Саябақтар шеруі» - бүкіл әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) қолдау көрсету жөніндегі халықаралық іс-шара. Акцияның мақсаты - биліктің, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнестің және бүкіл қоғамның назарын еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мәселелерге аударту, осындай аумақтарға іс жүзінде көмек көрсету, отандастар санасында өзіміздің табиғи және мәдени мұраларымызға деген мақтанышты ояту болып табылады», - деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының бас директоры Марлен Айнабеков.
Оның айтуынша, «Саябақтар шеруі» барысында қорықтар, ұлттық саябақтар, сонымен қатар, үкіметтік емес және білім, табиғат қорғау ұйымдары қорғалатын табиғи аумақтарға қолдау көрсету мақсатында бастама көтеріп, дөңгелек үстелдер, баспасөз мәжілістерін, ашық есіктер күнін, экологиялық іс-шаралар, тақырыптық көрмелер, қайырымдылық қаражатын жинау мен еріктілер көмегі іс-шараларын ұйымдастыратын болады.
Баспасөз мәслихатында шерудің ауқымын облыстық деңгейге дейін көтеру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзекті мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында шараға үш ұлттық мемлекеттік саябақ тартылатыны атап өтілді. Олар - «Алтынемел», «Көлсай көлдері», «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары.