Алматыда «Венгр шығыстанушылары» көрмесі ашылды

«Мажарстанның шығыспен байланысы қашанда мықты болған. Әрине, біздің тамырымыз осы Қазақстан жерінде. Сол үшінде біздің елде шығыстанушы ғалымдар көп болды. Біз қазір де осы игі жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бүгінгі көрмені соның айқын көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің тарихи байланысымызды осындай шара арқылы бүкіл әлемге паш еткіміз келеді. Сондықтан мұндай көрмелер алдағы уақытта біздің өкілдіктер орналасқан елдердің барлығында ұйымдастырылатын болады», - деді Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауманн.
Оның айтуынша, венгрлік жиhангерлер мен ғалымдар шығыс халықтарының тарихын, мәдениетін, дінін зерттеуде елеулі рөл атқарған. Соның арқасында бүгінде Мажар елінде Шығыстану дербес ғылым саласына айналып отыр.
«Осындай тамыры тереңде жатқан байланысымыздың арқасында бүгінде Мажарстан мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық байланыстар нығайып келеді. Біз «Венгрияның Қазақсандағы кештері» атты шараны тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Онда екі елдің кәсіпкерлері өзара тіл табысып, әріптестікке қол жеткізіп жатады», - деді Бас консул.
Айта кетелік, көрмеде мажарстандық ғалымдардың Орталық Азия аймағына арналған еңбектері көрсетілген.
Көрме 25 қазанға дейін жалғасады.