Алматыда VІ қазақстандық салық форумы өтеді
АЛМАТЫ. 10 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Intercontinental Almaty» қонақүйінде 18-19 қазан "Салықтық бәсекелестік және Қазақстан: ерекшеліктері, артықшылықтары және келешегі" деген тақырыпта VІ салық форумы өтеді.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Аталмыш шара Қаржы және салық құқығы ғылыми-зерттеу институтының, Халықаралық Халықаралық салық қауымдастығының ресейлік бөлімшесінің, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы мен «Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының қаржылық және салықтық кеңесшілері палатасы» ЖШС-нің және «Салық және қаржы» журналының ұйымдастыруымен өтеді.
Форум жұмысына Парламент, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес, Экономика және сауда министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Әділет министрлігі және Қаржы министрлігінің Салық комитеті және тағы да басқа мемлекеттік органдарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, жиынға Ресейден, Голландиядан, Украина мен Өзбекстаннан белгілі сарапшылар шақырылған.
Биыл Форум барысында "ҚР жаңа салықтық саясаты және оның инвестициялық тартымдылығы", "Әлемдік салықтық жүйедегі Қазақстан Республикасының салықтық жүйесі", "Салықтар - экономикалық дамуға бастайтын ынталандырушы күш және ынталандыруға қарсы күш ретінде", "Салық саласындағы адалдық және теріс пайдаланушылық: мәселелері және келешегі" сынды тақырыптар талқыланатын болады.
Форум екі күнге жалғасады. Басқосудың бірінші күні пленарлық отырысқа арналса, екінші күні отандық және халықаралық салық сарапшылары қатысушыларға - салық төлеушілерге салық салу мен салық құқығының өзекті мәселелері жөнінде ғылыми-тәжірибелік семинар-тренингтер өткізетін болады.
Бұнымен қатар, Форум аясында аудиторлық, кеңес беру және заңдық қызметтердің көрмесі ұйымдастырылады деп жоспарланған.
"Жылдан жылға форумның деңгейі артып, салықтық саясатқа қатысы бар мемлекеттік органдар мен ведомстволар тарапынан қызығушылық пен қатысуға ниет білдірушілдердің саны артып келеді және жылдан жылға салықтық органдардың азаматтық қоғаммен байланысқа шығуға ынталы екендігі байқалуда",-дейді "Атамекен" Одағы" ұлттық экономикалық палатасының кеңесшісі Алма Нұрғожаева.
Салық форумы осымен бесінші жыл қатарынан салық саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табу және мемлекет пен салық төлеушілер және қоғамның қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыру жолдарын қарастыру мақсатында өткізіліп келеді. Бұған дейін өткізілген бес жыл ішінде Форумға әлемнің 8 елінен 1000-нан астам қатысқан.