Алматыда зерттеу университеттері туралы халықаралық форум болады

АЛМАТЫ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 27-29 қазанда «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» деп аталатын халықаралық форум болады.

Алматыда зерттеу университеттері туралы халықаралық форум болады

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, IGIP Қазақ ұлттық мониторинг комитеті, KazSEE Қазақстандық инженерлік білім беру қоғамы және ҚР Инженерлік академиясы бірігіп ұйымдастырып отыр. Оған әлемнің 25 елінен келетін 70-тен аса ғалымдар мен ғылым-білім саласындағы көрнекті қайраткерлер және IGIP, IFEES, SEFI, COPEC сияқты халықаралық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының ректорлары қатыспақ. Олардың арасында БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл, Британдық кеңес директоры Лина Милошевич, SEFI вице-президенті Жозе Карлос Квадрадо, СОРЕС президенті Клаудио да Роша Брито, IGIP Вице-президенті Мелани Чампи, Ататүрік университетінің ректоры Хикмет Коджак, Қолданбалы және теоретикалық ғылым жоғары мектебі университетінің директоры Цукуба Ясуо Миаке (Жапония), Гарвард университетінің Орталық Азия және Кавказ бағдарламаларының директоры Джон Шоберлайн (АҚШ), Корё университетінің профессоры Ан Док Сун (Оңтүстік Корея) бар.

Форумның пленарлық және секциялық отырысында зерттеу университетінің қалыптасуы мен дамуындағы шетелдік тәжірибелер, оқытушылар мен студенттердің академиялық жұмылдырылуы, инновациялық қызмет пен ғалымдардың ғылыми-зерттеу, құрастырмалы-тәжірибелерін жетілдіру тұстары қарастырылады. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың әлемдік ғылыми білім беру кеңістігінде алатын орнын нығайтуға бағытталған «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары клубының» ашылу салтанаты болады. Онда 24 қазаннан 5 қарашаға дейін әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары университеттің студенттері мен оқытушыларына лекция жүргізіп, баяндама жасайтын болады.