Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті сыртқы байланыстарды кеңейтуде - ЖОО-ның вице-президенті Е.Әлиев

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Алматы қаласының Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті сыртқы байланыстарды кеңейтуде. Бүгін Bnews.kz сайтында өткен он-лайн конференция барысында IT университеттің вице-президенті Ескендір Әлиев ЖОО-ның халықаралық ықпалдастығына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті сыртқы байланыстарды кеңейтуде - ЖОО-ның вице-президенті Е.Әлиев

Оның айтуынша, биылдан бастап университет халықаралық байланыстарын күшейтіп, осылайша оқу орнының мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салады.

Осыған орай, университет басшылығы Малайзиялық Тенага оқу орнымен әріптестік келісімдер жүргізуді аяқтап қалды. «Бүгіннің өзінде малайзиялық университетпен оқытушылармен және студенттермен алмасу жайы шешіледі. Алматыда 2-2,5 жыл оқып шыққан ең үздік деген студенттер, оқу бағдарламасының қалған бөлігін малайзиялық университетте оқып, білімдерін жетілдіреді. Университет тәмамдау кезінде ол бірден 2 дипломға, Карнеги Меллон сертификатына және Малайзияның Тенага университетінің дипломына ие болады», деп атап көрсетті ол.

Биылғы жылы ұстаздардың бірінші легі Малайзияға аттанады. Өз кезегінде олардың оқытушылары Алматыға келеді деп күтілуде.

Е. Әлиев, осы жазда 35-ке тарта студент Малайзияда тәжірибе жинақтауға барып келгендігін де тілге тиек етті. «Ол жақтың ұстаздары қазақ студенттерінің білімдерін, талаптарын өте жоғары бағалап жатыр. Қазақ балалары малайзиялық студенттерге арналған бір апталық оқу курсын 1,5 сағат ішінде игерген», дейді университеттің вице-президенті.

Малайзияның университетінен бөлек, Халықаралық Ақпараттық университет басшылары Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Ақпараттық технологиялар, механика және оптика университетімен қарым-қатынастарын орнатуға қадамдар жасауда.

Алматының IT университеті АҚШ-тың Карнеги Меллон университетімен әріптес екені белгілі. Ол студенттерді Карнеги Меллонның оқыту курсы бойынша дайындайды. Түлектердің бәсекеге қабілеттілігін жоғары білім деңгейін, сапалы дайындықтарын iCarnegie ЖОО серіктестігі қамтамасыз етеді.