Алматыдағы халықаралық конференцияда сот сараптамасын дамыту мәселелері талқылануда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының ұйымдастыруымен «Шығыс-Батыс: сот сараптамасындағы әріптестік. Сот сараптамасының теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.
None
None

Оған ҚР Әділет министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанның сот сараптамасы мекемелерінің басшылары мен жетекші сарапшылары және Армения, Әзербайжан, Белорусь, Вьетнам, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина және басқа да елдерден келген ғалымдар, барлығы 150-ден астам адам қатысуда.

«Бүгінгі конференцияның мақсаты - әр елдің сарапшылық мекемелерінде кездесетін ағымдағы мәселелерді жан-жақты талқылау және шешу, аймақтық және ұлтаралық өзара іс-әрекеттердің дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сот-сараптама қызметінің келешектегі даму жолын айқындау. Заңның үстемдігін қамтамасыз етуде сот сараптамасы маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Біз зерттеулер жүргіземіз және сарапшылық тұжырымдар жасаймыз. Бірақ бүгінгі таңда бұл жеткіліксіз. Заман талабына сай, сараптама жасаудың жаңа түрлерін, жаңа әдістемелерін әзірлеуіміз қажет. Сондықтан да бүгін осы мәселелерді талқылау үшін халықаралық сот сараптамасы мекемелерінің мамандарын шақырып отырмыз», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының диркторы Исидор Борчишвили.

Сондай-ақ, конференция барысында көрші елдердің сот-сараптама қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері бойынша тәжірибелері мен жоспарларын тыңғылықты зерделеу жоспарланып отыр.

Айта кетелік, аталмыш конференция бірқатар мемлекеттердің сот сарапшыларының ұстанымдарын біріктіруге бағытталған. Бұл іс-шара 10 жылдан аса уақыттан бері сот сараптамасы саласындағы іс-қимылдар стратегиясы мен үйлестіру механизмдерін талқылауға және әзірлеуге, ақпараттармен алмасуға және өзара жемісті ынтымақтасуға арналған әмбебап алаңға айналды.

Соңғы жаңалықтар