Алматыдағы тікұшақ апатына не себеп болғаны анықталып жатыр
«Оқыс оқиға кеше 16:05-те «Алатау» шипажайы маңында, жабық жерде болды. Sky service әуекомпаниясының Eurocopter 130 тікұшағы құлады. Тікұшақ толықтай талқан болған. Қазір оқиға орнында тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру басталды. Арнайы комиссия құрылды. Нәтижесін кейінірек білесіздер», - деді Нұрлан Жұмасұлтанов.
Оның айтуынша, ықтимал үш нұсқа қаралып жатыр.
«Біріншісі - ұшақтың техникалық ақауы, екіншісі - адами фактор, яғни ұшқыштың қателігі, үшіншіден - ауа райының қолайсыздығы. Ауа райын өздеріңіз де көрдіңіздер. Тұманнан 150 метр қашықтық қана көрінген. Мұз қату жағдайы болған. Қазір барлық нұсқа тексеріліп жатыр», - деді ол.
Айта кету керек, қайғылы оқиға кеше Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты «Тау самалы» шағынауданында болды. «Алатау» шипажайының ашық аумағына «Sky Service» әуе компаниясының жеке меншігіндегі Еврокоптер-130 тікұшағы құлады. 51 жастағы ұшқыш Валентин Шитов жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Тікұшақ Боралдай-Үлкен Алматы көлі бағытында ұшып бара жатқан.
Ал көліктегі ПД қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК 344-бабына («Әуе көлігін пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу») сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді. Тергеу жұмыстары басталды.