«Алтын Орда» базарында азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 7 делдалдың жұмысы тоқтатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы бақылау жұмыстары барысында бірқатар ірі сауда субъектілерінің заң талаптарын бұзғаны анықталды.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз сауда үстемесімен қайта сатқан.
Аталған фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынды.
– Жыл басынан бері жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 467-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша рәсімделсе, 176 хаттама сауда қызметі туралы заңнама талаптарын бұзуға қатысты толтырылған, - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ жыл басынан бері тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталды.
Сонымен қатар өңірлік комиссияның жұмысы аясында «Алтын Орда» базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылды.
Министрлік қазіргі уақытта өңірде өндірушілер мен ірі жеткізушілердің тізімі қалыптастырылып, электрондық шот-фактуралар арқылы делдалдық схемаларды анықтау және жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі ахуалы қаралғанын хабарлаған едік.