Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Алтын сапа» иегерлерінің табысы 2,7 есе өскен

АСТАНА. KAZINFORM – «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға биыл 384 кәсіпкер өтінім берді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлім етті.

алтын сапа
Фото: akorda.kz

Оның айтуынша, палатаның негізгі бағыттарының бірі отандық тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді.

– 2023 жылдан бері «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында 238 кәсіпкер іріктелді. Жалпы сомасы 642 миллион теңгеге 136 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 116 кәсіпкер заманауи өндірістік жабдықтармен қамтамасыз етілді, ауылдық жерлерде 564 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл қолдау жергілікті бизнестің дамуына және өңірлерде кәсіпкерлік ортаның қалыптасуына оң ықпалын тигізіп жатыр, – деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ ол бизнестің «Алтын сапа» сыйлығына қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын айтты. 

– Мәселен, былтыр аталған сыйлыққа қатысуға 222 кәсіпкер өтінім білдірсе, биыл бұл көрсеткіш 384-ке жетіп отыр. Марапаттан кейінгі үш жылда бұл кәсіпорындардың жылдық кірісі орта есеппен 2,7 есе артып, 20,7 миллиард теңгеге жеткен. Өткен жылы «Алтын сапа» лауреаттары бес халықаралық марапатқа ие болды, – деді басқарма төрағасы.

Бұдан бөлек, өңірлерде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін байқауға 6 мыңнан астам кәсіпкер қатысып, олардың арасынан 162 дипломант анықталды. Биылдың өзінде конкурсқа 620 өтінім қабылданған.

Айта кетейік, жарты жылда ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңге болды.