Алтыннан қымбат алғашқы минуттар
АСТАНА. KAZINFORM — Көз алдында не жақын адамының, не бейтаныс біреудің есінен танып қалуы әр жанның өмірінде бір рет болсын кездесетін жағдай шығар. Ондай кезде көп кісі не істерін, қалай жәрдемдесерін білмей, абдырап қалады. Оқырмандарды осы мәселеден хабардар ету мақсатында қостанайлық маман, алғашқы медициналық көмек бойынша нұсқаушы Дияс Ораловты әңгімеге тартқан едік.
— Дияс мырза, сұхбатымызды ең қарапайым сұрақтан бастасақ, қызмет барысында сіздің міндетіңізге нақты не кіреді?
— Мен — алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нұсқаушымын. Түсінікті тілмен айтсам, медицина қызметкерлеріне ғана емес, қарапайым адамдарға да жедел жәрдем жеткенше не істеу керек екенін үйретемін. Себебі, оқиғадан кейінгі алғашқы 5-10 минут өте маңызды. Жарақаттанған кісі тірі қала ма, тірі қалса, ары қарайғы жағдайы қалай болады — бұл осы бастапқы шаққа байланысты. Егер осы сәтте жанынан қобалжып-саспай, алғашқы көмек көрсете білетін адам табылса, онда сәтті реанимация жасауға мүмкіндік жоғары. Сондықтан менің міндетім — жұртты адам өмірін құтқаруға баулу.
— Алғашқы көмекті ең алдымен неден бастау керек?
— Бәрінен бұрын мән-жайды ұғыну керек. Бұл — ең маңыздысы. Адамға не болды? Есінен танып қалды ма, әлде есін біле ме? Жарақат алды ма? Талып қалды ма? Жүрегі тоқтап қалған ба, соғып тұр ма? Екінші мәселе — қауіпсіздік. Жұрт жанұшырып жәрдемдесемін деп, көбіне осыны ұмытып кетеді. Егер оқиға орны — жолда, құрылыс алаңында, дау-жанжал не төбелес ортасында — яғни, қатерлі жерде болса, бірден көмекке ұмтылуға болмайды. Онда зардап шеккендер саны арта түсуі ықтимал. Мысалы, әлдекімді тоқ соқты делік. Егер көмекке келген кісі дұрыс әрекет етпесе, оның өзін де тоқ соғады. Ақылған қонымды іс-қимыл былай болады: алдымен, бір сәтке тоқтап, төңірекке қарап, жағдайды бажайлап, қауіпсіздікке көз жеткізесіз де, сосын көмекке ұмтыласыз.
– Адам есінен танып қалған болса, не істеу қажет?
— Егер клиникалық өлімнің белгілері білінсе, бірден жүрек-өкпе реанимациясын бастауыңыз тиіс. Бұл — бәрі білуі керек ең негізгі дағды. Ес-түссіз жатқан кісінің кеуде тұсынан 30 рет басып, аузына екі рет дем беріледі. Осылай бірнеше рет қайталанады. Бұл сәтте не болып жатқанын түсіну маңызды. Жүрек дегеніміз — қан айдайтын сорғы. Ол тоқтап қалса, миға қан бармайды. Ал ми қансыз өте шектеулі уақытта өледі. Екі минутқа дейін көмектесіп үлгерсеңіз, науқастың өмірін ғана емес, денсаулығын да сақтап қалуға мүмкіндік бар. 2-5 минуттан соң қан барса, ауыр салдары болады, яғни мидың кей функциясы істен шығып, кісі мүгедек болып қалуы ықтимал. Ал одан да ұзаққа созылып кетсе, адам қайтыс болады. Демек, кеудеге компрессия жасау арқылы біз жүрек қызметін мойнымызға алып, ағзадағы қан айналымына көмектесеміз. Ми өліп қалуының алдын аламыз. Сөйтіп, жедел жәрдем қызметі жеткенде, мамандарға науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береміз.
— Әдетте, көпшілік қолдан дем алдыруға қорқады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
— Ол түсінікті нәрсе. Себебі, қауіпсіздік мәселесі бар. Егер туысқаны болса, әлбетте, жұрт ойланбастан науқастың аузы арқылы өкпесіне жасанды дем беруге ұмтылады. Ал бейтаныс біреуге олай істеуге тартынады. Өйткені, сілекей арқылы гепатит, АИТВ, туберкулез сияқты аурулар жұғады. Сондықтан науқастың кеуде тұсына массаж жасап, басып, қан айналымын қалпына келтіруге тырысу — екі жаққа да қауіпсіз әдіс. Ал қақпағы бар арнайы маска болса, оны ес-түссіз жатқан кісінің аузы арқылы дем беруге қолдануға болады. Ең бастысы — көмектесуден қорықпау керек. Әрекетсіз тұрмаған жөн.
— Ел арасында дефибриллятор құрылғысы тоқтап қалған жүректі қайтадан «іске қосады» деген сөз тараған. Бұл рас па?
— Иә, бұл — кең тараған миф. Тіпті, ара-тұра медицина қызметкерлерінің арасында да айтылады. Бірақ, негізі, ол жүректі қайтадан «тірілтпейді». Кеудені қолмен басу арқылы жүректі «іске қосатын» — біз. Сол себепті, қоғамдық орындарда автоматты дефибрилляторлар қойылғаны дұрыс. Оны қолдану өте оңай. Құрылғыны қоссаңыз, алдын-ала жазылған аудио нұсқаулық не істеу керек екенін түсіндіреді. Ол үшін медициналық білімнің қажеті жоқ.
— Алғашқы медицинадық көмек қажет болатын жағдайлар көбіне қандай жерлерде болады?
— Нақты бір орынды айта алмаймын. Ондай жағдай барлық жерде — үйде, кафеде, қоғамдық көлікте, жұмыста да болуы мүмкін. Дегенмен, техникалық қауіпсіздік ережелері бұзылатын өндіріс ошақтарында, құрылыста, зауыттарда жиі кездеседі. Сонымен бірге, жол-көлік оқиғасы, биіктен құлау, тұрмыстық жанжалдар, пышақтау секілді жайттар да оқтын-оқтын орын алады. Үйде, жақындарының қасында түрлі келеңсіздікке ұшырайтындар да аз емес.
— Жұрт көбіне қандай қателіктер жібереді?
— Қателік жасау үшін алдымен бірдеңе білу керек. Көп жағдайда адамдар не істеу керек екенінен мүлде бейхабар болады. Жалпы айтқанда, басты мәселе — абдырап қалу. Абдырап сасу, қобалжу, күйгелектену ақылға салу, ойлану қабілетінен айырады. Мұндай, тіпті, медицина қызметкерлерінің арасында да кездеседі. Ондай кезде кісі өзі білетін қарапайым нәрселерді де ұмытып қалады.
— Ал талып қалған жанға көмектеспей, өтіп кететіндер көп пе?
— Қазір адамдар сақ, салқынқанды болып кеткен. Біреулер «мас ұйықтап жатыр» деп ойлап, өтіп кетуі де мүмкін. Есінен танып қалғаннан кейін, қасындағы бейтаныс кісілер солай ойлап, көмектеспей, жедел жәрдем шақырмай, салдарынан қайтыс болып кеткен жандар да бар. Жерде жатқан кісінің жоқ дегенде қасына барып, жағдайын білу керек. Сөйтіп біреудің өмірін сақтап қалуыңыз да ықтимал.
— Ел аузындағы қауесеттердің қайсысы қатерлі?
— Ең кең тараған миф — эпилепсиясы бар жан талып қалса, аузына бірдеңе салу қажет деген сөз. Бұлай істеуге түбегейлі болмайды. Қасық та, саусақ та салуға болмайды. Себебі, есінен танған кісі тістеп алуы мүмкін. Дұрысы — бір жағына аударып, жарақаттап алмау үшін басын сүйеп отыру. Тағы бір қате түсінік — сынған сүйекті өз бетімен салуға тырысу. Бұл ахуалды одан сайын ушықтыруы ықтимал.
— Алғашқы медициналық көмекке балаларды үйрету керек пе?
— Меніңше, 9-сыныптан бастап оны толыққанды пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Теория жүзінде ғана оқытып қоймай, манекендермен жұмыс істеткізіп, түрлі жағдайлардағы медициналық көмекті меңгертсек, бұл нәтиже берер еді. Одан бөлек, ондай пән кей оқушылардың мамандық таңдауына да әсер етіп, медицинаға қызығушылығын оятатыны кәдік.
— Медицина саласынан мұндай оқытушылық қызметке қалай келдіңіз?
— 2010 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істеймін. Уақыт өте келе, қоғамға медициналық сауат жетіспейтінін түсіндім. Арнайы курстан өтіп, халықаралық сертификат алдым да, өзім халықты оқыта бастадым. Бұл ісім мен үшін маңызды. Жедел жәрдем қызметіндегі жұмысымнан бөлек, жұртты медициналық тұрғыда сауаттандыру арқылы қаншама науқасты құтқарып қалуға болады.
— Сөзіміздің түйінінде, төтенше жағдайда не істеу керек екенін тағы бір нақтыласаңыз…
— Ең бастысы, абдырамау қажет. Әуелі бір сәт айналаңызға мән беріп, жағдайды бағамдап алыңыз. Содан соң, жедел жәрдем қызметін шақырыңыз да, негізгі реанимациялық іс-әрекетке көшіңіз. Егер қолдан дем алдыру дағдысын меңгерсеңіз, талып қалған кісінің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін елде медициналық білім беру 7 жылдық оқуға көшірілетінін жазғанбыз.
Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап оқуға түскен медицина мамандары жаңа жүйе бойынша жұмыс істейді.
Одан бөлек, былтыр жедел жәрдем 8 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті.