«Алтын адамның» зергерлік бұйымдары Қытайда көрмеге қойылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 шілдеде халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жүзеге асыру аясында шетелдік аудиторияға Еуразия көшпенділерінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрме ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Көрмені ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі.
«Алтын адам» түсінігі тарих ғылымында атақты археолог ғалым, қазақстандық археологияның негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтің арқасында пайда болды. Толықтай алтынан киім киген сақ жауынгері - бірінші «Алтын адам» табылған Қазақстанның оңтүстігіндегі Есік қорғанында зерттеу жүргізген міне осы кісі болатын. Баға жетпес қазына ғасыр жаңалығы ретінде танылып, шартты түрде «Алтын адам» деп аталды.
Қорғаннан жауынгердің киімін сәндеген барлығы 4800 алтын бұйым табылған болатын. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамон қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер болатын. Қорымдағы заттардың топографиясы: зерттеушілер жерленген жауынгердің салтанатты сауыт-сайманын, темір қылышы мен қанжарының қалдықтарын тер төгіп зерттеу нәтижесінде сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шықты.
«Экспозицияланатын коллекция тізімінде XV ғасырдың басына тән деп белгіленген зергерлік өнердің бірегей туындылары, сол сияқты Орталық Қазақстандағы Талды-ІІ қорғанынан табылған жәдігерлер де бар. 2012 жылғы сәуірде тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Сыздықовтың басшылығымен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археолгия орталығының археологиялық отряды Теректі ауданындағы Тақсай-І кешенінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде табылған ақсүйек сармат әйелі киімінің реконструкциясы да таныстырылады» делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларынан ұсынылған алтын заттардың аз ғана бөлігі - Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлерінің туындылары олардың көркемөнер дәстүрлерінің үздіксіздігін тағы да бір рет дәлелдейді.