Алтынбекова мен Тен 2022 жылғы Олимпиада ойындарына Алматының өтінімін таныстырады

Халықаралық олимпиада комитетінің сессиясы 31 шілдеде Куала-Лумпурда өтеді. Онда 2022 жылғы Олимпиада ойындары өтетін қала аталмақ. Бұл құқыққа Алматы мен Бейжің үмітті.
Белгілі саяси қайраткерлер мен ұйымдастыру комитетінің мүшелерінен бөлек Алматы-2022 өтінімін қазақстандық спортшылар да таныстырады. Бұлар - Сочидегі Олимпиаданың мәнерлеп сырғанау бойынша қола жүлдегері Денис Тен, бокстан олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Ермахан Ыбырайымов, конькимен сырғанау спортынан әлем чемпионы Денис Кузин, Ванкувердегі Олимпиаданың биатлон бойынша күміс жүлдегері Елена Хрусталева, могулдан әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева, шаңғы акробатикасы бойынша Азия ойындарының жүлдегері Жібек Арапбаева, шаңғы акробатикасы бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Жанбота Алдабергенова, волейболшы Сабина Алтынбекова және тағы басқа спортшылар.
Атап өтейік, 31 шілдеде Алматыда Республика сарайының алдында Абай алаңында ХОК сессиясының тікелей трансляциясы өтеді.