ӘМАТ нарығында өнімсіз делдалдарды анықтайтын жаңа тәртіп енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) нарығында өнімсіз делдалдарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа құқықтық тетік енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутықбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ішкі сауда қағидаларына көтерме жеткізушілер мен бөлшек сауда субъектілерінің құқықтық мәртебесін нақтылайтын өзгерістер енгізілуде.
— Бұл өзгерістер логистика, сауда және тауарды сақтау барысында нақты қосылған құн қалыптастырмайтын өнімсіз делдалдарды анықтап, оларды тауар өткізу тізбегінен шығаруға мүмкіндік береді, — деді Ернұр Жаутықбаев.
Сондай-ақ «Сауда қызметтері. Жалпы талаптар» ұлттық стандартына «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өнімсіз делдалы» және «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушісі» ұғымдарын енгізу көзделген.
Бұған қоса, заңнамада қалыптастырылатын қосылған құнның нақты болуы және оның нарық субъектілерінің шын мәнінде жұмсаған шығындарымен расталуы жөніндегі талап бекітіледі.
Комитет төрағасының айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында сауда желілеріндегі әрбір тауар санаты мен кіші санатта қазақстандық өнімнің жеткілікті көлемде ұсынылуын міндеттейтін өзгерістер де әзірленіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілгенін жаздық.