Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жаңартылған тізімі бекітілді. Енді оған 31 атау енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутықбаев айтты.
Оның айтуынша, тізімді кеңейту азық-түлік бағасының өсуін тежеуге, халық үшін негізгі азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
— Жаңартылған тізімге қызанақ, қияр, алма, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, тартылған ет, қой және жылқы еті, балық, тауық еті, ультрапастерленген және стерильденген сүт, майлылығы 2,5 пайыз айран, қаймақ, қатты ірімшік пен қара шай енгізілді, — деді Ернұр Жаутықбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, бұл өзгеріс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін тиімді реттеуге, азық-түлік инфляциясын тежеуге, отандық өндірісті қолдауға, баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және алыпсатарлық тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Сонымен бірге министрлік тауар өткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды қысқарту үшін Ішкі сауда қағидалары мен ұлттық стандартқа өзгерістер әзірлеп жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін белгілеу тәртібін қайта қарап, сауда желілерінде отандық өнімдердің үлесін арттыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде қандай әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы төмендегенін жаздық.