Америкалық теннисші 20 жасында жылдың қорытынды турнирінің чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турнирінде жекелей сында жеңімпаз анықталды.
Финалда әлемнің 3-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Кори Гауфф пен рейтингіде 7-сатыда тұрған қытайлық, Париж Олимпиадасының чемпионы Чжэн Циньвэнь бас жүлдені сарапқа салды.
Матчты қытайлық теннисші жақсы бастады – 6:3. Екінші партияда Гауфф сәтті ойнай білді – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болғанда, матчқа доп берген Циньвэнь мүлт кетті. Тай-брейкте америкалық спортшы есесін жіберген жоқ – 7:6 (7:2).
Аса тартысты өткен кездесу 3 сағаттан астам уақытқа созылды. Гауфф 5 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Циньвэньнің есебінде 4 эйс, 5 брейк (12 брейк-пойнт) бар.
Жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жолдан тайдырған америкалық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет WTA қорытынды турнирінде үздік шықты.
Финалға дейін жеткен Чжэн Циньвэнь қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде америкалық Джессика Пегула мен қазақстандық Елена Рыбакинаны ығыстырып, бесінші орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің тартысты ойында Хельсинки турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.