Денис Евсеев тартысты ойында Хельсинки турнирінің финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 218-ракеткасы Денис Евсеев Хельсинки (Финляндия) челленджер турнирінің финалына шыға алмады.

Денис Евсеев
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші жартылай финалында әлемнің 102-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы, италиялық Люка Нардимен ойнады.

Бірінші партияда Евсеев басымдылық танытты – 6:2. Екіншісінде Нарди есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болған мезетте қазақстандық спортшы матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры тай-брейкте италиялық теннисшінің жолы болды – 7:6 (7:4).

Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Евсеев 4 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін ғана өз есебіне жазды. Нарди 4 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Л.Нарди финалда әлемнің 132-ракеткасы, жапониялық Кэй Нисикоримен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Финляндиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар