Денис Евсеев Финляндиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 218-ракеткасы Денис Евсеев Хельсинки (Финляндия) челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.

Денис Евсеев
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің – 96, осы жарыстың 3-ракеткасы, корт иесі Отто Виртаненмен шеберлік байқасты.

Д.Евсеев сенсация жасап, азулы қарсыласын 6:4, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Бір сағат 22 минутқа созылған матчта ол 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Виртанен 3 эйс, 1 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады. 

Денис Евсеев финалға шығу үшін әлемнің 102-ракеткасы, италиялық Люка Нардимен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 185-орындағы ұлыбританиялық Ян Чоинскийден басым түсті – 6:4, 6:3.

Қазақстандық теннисші қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде 204-сатыға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Хельсинки турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар