Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Американың 25 штаты Трамп әкімшілігін жаңа тарифтерге байланысты сотқа берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың демократтар басқаратын 25 штатынан құралған коалиция президент Дональд Трамптың әкімшілігін импорттық тауарларға енгізілген жаңа тарифтерге байланысты сотқа берді, деп хабарлайды Report.

Американың 25 штаты Трамп әкімшілігін жаңа тарифтерге байланысты сотқа берді
Фото: Report

Штаттар АҚШ-тың 60 сауда серіктесінен келетін тауарларға салынған 10% және 12,5% көлеміндегі баж салығына қарсылық білдіріп отыр. Олардың мәліметінше, бұл тарифтер АҚШ импортының 99,4%-ын қамтиды.

АҚШ-тың Халықаралық сауда сотына берілген талап-арызда Трамп әкімшілігі 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімін жүзеге асырып «өз өкілеттігін асыра пайдаланды» деп көрсетілген. Өйткені бұған дейін осындай шараларды соттар заңсыз деп таныған болатын.

Штаттар соттан жаңа тарифтерді заңсыз деп тануды, олардың күшін жоюды және осы уақытқа дейін төленген баж салығын қайтаруды талап етіп отыр.

— Жоғарғы соттағы жеңілістен кейін әкімшілік тарифтердің жаңа кезеңін енгізу арқылы отбасылар мен кәсіпкерлерге заңсыз түрде қосымша салық салуға тағы да әрекет жасап отыр, — деді Нью-Йорк штатының бас прокуроры Летиция Джеймс.

Ақ үй бұл айыптауларды жоққа шығарып, АҚШ ұлттық сауданы және америкалық жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін заңда көзделген өкілеттіктерді пайдаланып жатқанын мәлімдеді.

Трамп әкімшілігі бұған дейін жаңа тарифтерді мәжбүрлі еңбек қолданылып өндірілген тауарлардың АҚШ жеткізу тізбегіне енуіне жол бермеу қажеттілігімен түсіндірген еді. Алайда талапкерлер мәжбүрлі еңбек мәселесі мен әртүрлі елдерге бірдей тариф енгізудің арасында тікелей байланыс жоқ екенін алға тартып отыр.

Айта кетейік, АҚШ Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.