АМӨЗ 40 мың текше метр газды факелге рұқсатсыз жаққан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытында былтыр желтоқсан айында және биыл қаңтарда бірнеше технологиялық қондырғы істен шығып, нәтижесінде факел арқылы атмосфералық ауаға 40 мың текше метр отын газы экологиялық рұқсатсыз шығарылған.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, қоршаған ортаға С-12–С-19, С6–С10 газ құрамдас бөліктері, көмірсутек фракциялары, күкіртсутек, бензол, толуол, ксилол, этилбензол, амилендер, бутилен, этилен, аммиак және көміртек оксиді секілді заттар тараған.
Сонымен қатар зауытқа қарасты «Тухлая балка» алаңындағы сарқынды су 500 мм диаметрлі құбыр арқылы экологиялық рұқсатсыз жерге төгілгені анықталды. Нақтырақ айтқанда, аумағы 5 гектар болатын бірінші учаскеге шамамен 20 мың текше метр, ал аумағы 3 гектарға жуық екінші аумаққа 23 мыңнан астам текше метр лас су төгілген.
Аталған заңбұзушылықтар Атырау облысы экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеріс барысында белгілі болған. Департамент басшысының айтуынша, кәсіпорындағы ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының технологиялық пештерінде экологиялық рұқсатта көзделмеген газдар жағылған.
– 2025 жылы да факелде рұқсатсыз газ жағу фактілері тіркелген. Бұзушылықтар тұрақты түрде қайталанғандықтан, тиісті материалдар соттың қарауына жолданды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328, 324 және 327-баптарына сәйкес, әкімшілік айыппұлдан бөлек өндіріс қызметін тоқтата тұру жазасы қарастырылған. Қызметті тоқтату туралы шешімді тек сот қабылдайды, - деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Еске салайық, 25 қаңтар күні тұрғындардың наразылығынан кейін Қазгидромет РМК Атырау облыстық филиалының мамандары атмосфералық ауаның сапасын өлшеу үшін сынама алған.
Зерттеу нәтижесінде күкіртсутек концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе артық екені анықталған еді. Атап айтқанда, Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, Тасқала ауылына іргелес аумақта 15 есе, ал Химпосёлок ауданында 36,3 есе артық тіркелген.
Жуықта Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұсынысы негізінде «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-70 бұйрығына сәйкес келмеуіне байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы, 1 бөлігімен 1600 АЕК көлемінде айыппұл салған еді.
Бұған дейін өткен жылы өңірде 7 640 экологиялық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.