Атырау мұнай өңдеу зауыты айыппұл арқалады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытына 6 млн 920 мың теңге айыппұл салынды.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұсынысы негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы, 1 бөлігі яғни халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық бойынша кәсіпорынға Атырау мұнай өңдеу зауытына 1600 АЕК көлемінде айыппұл салғанын растады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаров баспасөз брифингінде бұл айыппен зауыт келіспей, соттасып жатқанын мәлімдеді.
— Қазіргі уақытта АМӨЗ мекемесі айыппұлмен келіспей, сот процесі өтіп жатыр. Экология департаменті біздің хатымыздың негізінде тексеріс ашып, тексеріс аяқталып, қорытындылау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы желдің бағытына байланысты нақты шешім қабылдау қиындау. Бұл аумақта тек бір мекеме емес, 2-3 компания орналасқан. Жағымсыз иіс АМӨЗ-ден шықты деп кесіп айта алмаймыз. Қаңтарда болған жағдай бойынша жел шығыс-оңтүстік бағыттан соқты, — деді Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаров.
Еске салайық, 25 қаңтар күні тұрғындардың наразылығынан кейін Қазгидромет РМК Атырау облыстық филиалының мамандары атмосфералық ауаның сапасын өлшеу үшін сынама алған.
Зерттеу нәтижесінде күкіртсутек концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе артық екені анықталған еді. Атап айтқанда, Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, Тасқала ауылына іргелес аумақта 15 есе, ал Химпосёлок ауданында 36,3 есе артық тіркелген.
Осы жағдайдан кейін Атырау облыстық экология департаменті АМӨЗ-ге қатысты тексеріс бастаған. Экологтер бұл жұмысты осы аптаның соңына дейін аяқтап, қорытындысын қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.