Амстердамда қазақтардың 13-ші құрылтайы өтті

Нидерланды астанасына бірнеше елде, атап айтқанда Австрия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Норвегия, Түркия, Франция, Швейцария және Швецияда тұратын екі мыңнан астам этникалық қазақтар келді.
Құрылтай аясында жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін білуден конкурс өткізілді. Сондай-ақ ұлттық ойындар, футболдан жолдастық кездесу, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Бұдан басқа еуропалық қазақтар қауымдастығының отырысы өтті. Онда қазақ тілін және ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды.
Құрылтайға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі қол жеткен табыстарын айта келе, елде жүзеге асып жатқан стратегиялық бағдарламалар: «Қазақстан -2050», «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» және бес институционалдық реформаны іске асыру бағытындағы «Ұлт жоспары- 100 қадамды» қолдайтындықтарын білдірді. Бұдан басқа, қазақ диаспорасының өкілдері қазақ тіліндегі оқу құралдарын, және Еуропада қазақ тілі курстарын ұйымдастыру жөнінде өтініштерін айтты. Олар жастарды қазақ халқының тарихымен таныстыру және ұлттық дәстүрді сақтау үшін ұлттық мәдени орталықтар ашу туралы ұсыныстарын білдірді. Жиын қорытындысы бойынша кезекті құрылтайды 2016 жылғы мамыр айында Германияның Кельн қаласында өткізу жөнінде шешім қабылданды.