Ана мен баланың денсаулығы жайы қаралды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Кеше Қызылордада облыста ана мен ба­ла өлім-жітімін азайтудың іс-шаралар жос­парының орын­да­луын бақылау жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Ана мен баланың денсаулығы жайы қаралды -  Қызылорда

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ләйлә Құлтаева облыс бойынша үстіміздегі жылдың бес ай қорытындысымен ана және сәбилер өлімінің жағдайларына талдау жаса­ды. Аталған мерзімде 8090 бала дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 981-ге артық. Ал бала шетінеуі 3,5 пайызға өскен. Маман­дар сәбилердің шетінеуін көп жағ­дайда жүкті әйелдердің дер кезінде медициналық сараптамалардан өтпеуімен байланыстыруда. Есепті кезеңде облыс көлемінде ана өлімінің үш жағдайы тіркелген.

Басқосуда аталған келеңсіз жағ­дай­лардың себеп-салдары талқы­ланып, жан-жақты сараланды. Кеңес отырысында сонымен қатар, респуб­ликалық ақпараттық талдау орталығының облыс бойынша филиал директоры Сәуле Нәлібаеваның облыс көлеміндегі өңірлік бюро қызметінің атқарған жұмыстары жайында хабарламасы тыңдалды.