Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ана өлімі, жердің тозуы, кедейлік – БҰҰ Қазақстандағы тұрақты даму көрсеткіштерін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 18-19 қыркүйек күндері Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы Тұрақты даму мақсаттары саммитін өткізеді. Бүгін Қазақстандағы БҰҰ кеңсесі дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесіп, басты көрсеткіштерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ана өлімі, жердің тозуы, кедейлік – БҰҰ Қазақстандағы тұрақты даму көрсеткіштерін жариялады

«Тұрақты даму-2030» күн тәртібі – кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның деградациясы сынды әлемдегі ең өзекті мәселелерді шешуге арналған жаһандық міндеттеме. Ол 2030 жылға қарай әлемді өзгертуге арналған 17 Тұрақты даму мақсатынан құралған.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторидің айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде сенімді әріптес деп санайды.

«Тұрақты даму мақсаттары – БҰҰ-ның ғана емес, тұтас әлемнің мақсаттары деуге болады. 2015 жылы БҰҰ-ға мүше әрбір мемлекет Тұрақты даму мақсаттарын орындауға қол қойған. Соғыс, пандемия, климаттың өзгеруі оларға қол жеткізуге кедергі келтіруде. Әрбір елде 140 индикатордың тек 12% алға ілгерілеуін көріп отырмыз, қалған 30%-ы артта қалған және тағы 30%-ы еш дамымай, кері кеткен. Бұл мақсаттарға жетуді тездетпесек, 2030 жылы шамамен 575 миллион адам асқан кедейлікте өмір сүруі мүмкін. Әлем елдерінің үштен бірі ғана ұлттық кедейлік деңгейін жартысына дейін төмендету мақсаттарына қол жеткізе алады. Бұл өте қорқынышты болжам», - деді Микаэла Фриберг-Стори Radisson Astana қонақ үйінде дипломаттармен кездесуде.


БҰҰ өкілінің айтуынша, дәл қазір әлем 2005 жылдан бері көрмеген аштық деңгейіне қайта оралды.

«Азық-түлік бағасы жоғары болып қалуда, оны өзіміз де тұтынушы ретінде сезіп отырмыз. Әсіресе, қаражаты аз адамдарға бұл проблема өткір тиіп отыр. Оған қоса, гендерлік теңдік – Тұрақты дамудың барлық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін фактор. Бізді қайран қалдырғаны – қазіргі артта қалу қарқынымен гендерлік алшақтықты жоюға шамамен 300 жыл қажет болады», - деді Микаэла Фриберг-Стори.


Оған қоса, М. Фриберг-Стори коронавирус пандемиясы, Украинадағы соғыс және климаттың өзгеруінің салдарына ерекше тоқталды. Ковид кезінде мектептердің жабылуына байланысты 84 миллион адамға мектеп білімі берілмейді, 300 миллион бала жазу-сызуды білмей-ақ мектеп бітіреді. Бұл ең өкінішті индикаторлардың бірі.



БҰҰ өкілі Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде үлкен прогреске қол жеткізгенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары ана өлімі көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген. Ал ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы – 8 жыл.


Сондай-ақ, Қазақстанда халықтың 10% ұлттық байлықтың 66% иеленсе, жердің 21,3% тозған. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған мемлекет: халықтың 62%-ға жуығы қалаларда тұрады. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Қазақстан 113 мемлекет ішінде 32-орында тұр.


«Жақында Қазақстан Президентінің өз Жолдауында Үкіметтің таза ауыз суға қол жеткізуіне баса назар аударғанын байқадық. Сондай-ақ, трансшекаралық өзендер мен Қазақстан алдында тұрған сын-қатерлер мәселесі қозғалды, әрине, оны жалғыз Қазақстан шеше алмайды. Біз жаңа Су кодексі дайындалғанын, жаңа Су министрлігі құрылғанын білеміз. Осы шаралардың барлығы тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда ауыз суға қол жеткізу мақсаттарын одан әрі іске асыру үшін үлес қосатынына сенімдімін», - деді БҰҰ өкілі.



М. Фриберг-Стори басқа елдерге қарағанда Қазақстанға климаттық дағдарыс көбірек әсер ететінін жеткізді. Әсіресе бұл құрғақшылық пен оның ауыл шаруашылығына әсеріне қатысты.

«Қазақстан бидай және басқа да дақылдарды өсіруде маңызды рөл атқарады. Климаттық өзгерістер мемлекеттің экономикалық дамуын ғана емес, Қазақстаннан келетін импортқа тәуелді басқа елдерге де әсер етуі мүмкін. Мұнда, ең алдымен, Ауғанстандағы жағдайды айтып отырмыз», - дейді спикер.