Анаға арналған хат — үкімге айналған сәт: «АЛЖИР» тұтқынының тағдыры
АСТАНА. KAZINFORM — «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде кеңестік кезеңдегі ең қайғылы оқиғалардың бірі — әйелдер лагерінің тұтқындарына арналған көрме ашылды.

Жуырда экспозиция сирек кездесетін жәдігерлермен толықты. Германия мен Ресейде тұрған бұрынғы тұтқындардың ұрпақтары музейге аналарынан қалған жеке заттарды табыстады.

Көрмеде ерекше назар аударарлық нысан — тұтқын Лотта Райстың балаларға арнап қолдан тіккен киімдері. Бұлар — шәлі, жейде, көйлек сынды заттар. Оларды ол лагерьде бірге отырған әйелдерден темекіге айырбастап алған ескі мата қиындысынан жасаған.

Лотта Райс — Германияда дүниеге келгенімен Мәскеуде тұрған. 1930 жылдары Германияда тұратын анасына хат жазғаны үшін қудаланып, «АЛЖИР» лагерінде бес жыл тұтқында отырады. Өзімен бірге алты айлық қызы Ларисаны алып кетеді. Алайда сәби көп ұзамай қайтыс болып, Лоттаны кейін Қарағанды маңындағы Карлаг лагеріне ауыстырған.

Карлагта Лотта басқа тұтқынмен отбасын құрып, 1946 жылы ұлды болады. Николай есімді баласына анасы өз қолымен ағаштан бүктемелі кітапша жасап берген. Оған «Сүйікті ұлым Колечкаға» деген жазу күйдіріп түсірілген. Бұл — баланың жалғыз ойыншығы болған екен.
Николай Райс кейін Германияға көшіп, Конрад Райс есімімен өмір сүреді. 2022 жылы ол Карлаг музейін аралап, балалық шағы мен анасының тағдыры туралы айтып берген.
2023 жылы «АЛЖИР» музейінің қызметкерлері Берлиндегі іссапары барысында Конрад Райспен байланыс орнатады. Кейін Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінің қолдауымен жәдігерлер 2024 жылы дипломатиялық пошта арқылы Қазақстанға жеткізілген.

— Мұнда отырған әйелдерді кезінде қинап, ұрып, күш көрсеткен. Бұл заттардың әрқайсысында тағдыр бар. Олар жай ғана киім-кешек емес, сол кездегі әйелдердің өмірі мен ішкі күшінің көрінісі, — деді «Алжир» мұражайының экскурсия жүргізушісі Әсем Салпықова.
Көрмеге сондай-ақ «халық жауының әйелі» ретінде сотталған Мирра Бухинаның жеке заттары да қойылған. 1937 жылы оның күйеуі Петр Никулин ату жазасына кесілген. Ал, Мирра Бухина бес жылға «АЛЖИРГЕ» жіберілген. Бостандыққа шыққан соң ол күйеуінің жейдесін, өзінің алжапқышын, жастығын, орамалын және басқа да заттарын сақтап қалған. Жақында бұл жәдігерлерді оның Мәскеуде тұратын немересі музейге табыстады.


Қазіргі таңда «АЛЖИР» кешенінің қорында 20 мыңнан астам экспонат бар. Олардың әрқайсысы — зұлмат жылдардың үнсіз куәсі. Музей бұл жәдігерлер арқылы жазықсыз жазаланған мыңдаған әйелдің тағдырын өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.


Еске сала кетейік, бұған дейін академик Қаныш Сәтбаевтың жұбайына тиесілі микроскоп Баянауылдағы мемориалдық музейге тапсырылған болатын.