Андрей Демченко «Жеңіс» футбол клубы бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM - Андрей Демченко «Жеңіс» футбол клубы бас бапкері қызметінен кетті.

Андрей Демченко
Фото: «Жеңіс» футбол клубы

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Олардың хабарлауынша, украиналық маманның келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты осындай шешім қабылданған. 

Андрей Демченко астаналық команда тізгінін жазда ұстады.

Ол грекиялық Акис Вавалисті алмастырған еді.

Содан бері «Жеңіс» 17 кездесудің 8-де жеңіске жетіп, 6-да тең нәтижеге қанағат білдірсе, 1-де қарсыласына есе жіберді. 
Нәтижесінде елордалық клуб 36 ұпаймен алтыншы орынға табан тіреді.

Андрей Демченко 1976 жылы Украинада дүниеге келген. Спорттық мансабында Ресейдің ЦСКА, Нидерландтың «Аякс», Украинаның «Металлург» (Запорожье), «Ильичевец», «Оболонь», «Гелиос», Молдованың «Дачия» клубтарында доп тепкен.

2011 жылдан бері бапкерлік қызметінде Украинаның «Имекс», «Металлург» (Запорожье), «Львов», «Металлист-1925», «Буковина», Грузияның «Дила», «Динамо» (Батуми) клубтарында еңбек етті.

Соңғы жаңалықтар