Анкарада 1 сәуірге дейін жаппай митингі өткізуге тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Анкара губернаторлығы наурыздың 26-сы мен сәуірдің 1-і аралығында жаппай іс-шара, жиын және митингі өткізуге тыйым салды. Бұл туралы жергілікті әкімшіліктің мәлімдемесінде жазылған, деп хабарлады ТАСС.

– 26 наурызда сағат 00:00-ден бастап 23:59-ға дейін жабық және ашық алаңдарда жаппай жиналыстар, демонстрациялар, шерулер, баспасөз мәлімдемелері, отырыстар, қол жинау науқандары және осыған ұқсас акциялар мен іс-шараларға, сондай-ақ үнпарақтар таратуға және баннерлер ілуге тыйым салынады, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Анкара, Ыстамбұл және Измир билігі 23 наурызда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглының тұтқындалуына байланысты жаппай шерулерге тыйым салған болатын. 19 наурыздан бері Түркияның қалаларында Имамоглуды қолдайтын шерулер күн сайын өтіп жатыр. Наразылық акциясының кейбірі демонстранттар мен полиция арасындағы қақтығыстармен аяқталды.
Айта кетейік, Түркияда 19 наурыздан бері жалғасып жатқан наразылықтар кезінде 1 133 адам ұсталды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Али Ерлыкая мәлімдеді.
Сондай-ақ Ерлыкая Түркиядағы заңсыз наразылықтар кезінде 123 полиция қызметкері жараланғанын мәлімдеді.
Түркиядағы наразылыққа байланысты Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мәлімдеме жасады.