Анкарада алғыс айту күнін атап өтті
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Алғыс айту күні шет жұрттағы қандастар үшін жақсы таныс. Қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімі өзгеге үлгі. Анадолы елінде өткен мерекелік шараға жиналғандар осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар бұл күн ортақ тарихқа деген үлкен құрметтің белгісі деп есептейді.
«Түбі бір түркі жұрты, соның ішінде месхет түріктері атынан кең пейілді қазақ жұртына алғысым шексіз. Себебі, тотолитарлық режим салдарынан Қазақстанға көшкен ата-бабаларыма қазақ халқы пана бола білді». Түркия Республикасының президентінің бас кеңесшісі, осы елде өмір сүретін месхет түріктерінің өкілі Ялчын Топчу Анкарада Алғыс күніне орай өткен шарада осылай деді. Оның айтуынша, төрткүл дүниедегі месхет түріктері ұлтаралық бірліктің орталығы - Астанада бас қосып, алғыс тойын ұйымдастыруы керек.
«Қазақ халқына месхет түріктері және жеке өзімнің атымнан мың да бір алғыс айтамын. Алғыс айту күні алдағы уақытта түркітілдес халықтар арасында кеңінен аталып өтуіне тілектеспін. Бұдан кейінгі жылдарда шартарапта өмір сүретін месхет түріктері, Қазақстанда сүретін 130 ұлт өкілімен қазақ халқына алғысын білдіру үшін бас қосуына тілектеспін. Бұл ұсынысты алдағы уақытта жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын», -дейді Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу.
Елші Абзал Сапарбекұлы Елбасының «Ұстанымымыз - татулық пен тыныштық, ұранымыз - береке мен бірлік» деген сөзі бұл күннің ұраны іспеттес екенін атап өтті. Ол XX ғасырдың басында қазақ бауырларына құшақ ашқан түрік үкіметі мен халқына алғысын білдірді.
«Қазіргі таңда Түркияда 20 мыңнан астам қандасымыз өмір сүреді. 1930 жылдары көшкен отандастарымыз бүгінде елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарып отыр. Осы жылдары қазақ халқына қамқор бола білген түрік халқына алғыс айтамын», -деп атап өтті Қазақстан елшісі.
Сондай-ақ шара барысында белгілі публицист Сағат Әшімбаевтың «Әдеби сын мақалалар» және жазушы Шәрбану Бейсенованың «Бір махаббат баяны», «Сүзгенің соңғы күндері» «Бозоқ аруы» атты түрік тіліне аударылған туындыларының тұсаукесер рәсім өтті. Кітаптарды түрік тіліне аударған - түркітанушы Жемиле Кынажы. Ол - қазақ әдебиеті жөніндегі 6 кітаптың авторы. Оның екеуін өзі жазса, 4 кітапты түрік тіліне аударған.
Жемиле Кынажының айтуынша, барлық зерттеу жұмыстары қазақ әйелдерімен байланысты. «Сол себепті, Шәрбану Бейсенованың түрік және қазақ әйелдері жайлы жазғандары қызығушылығымды оятты», -дейді жазушы. Жиын соңында жиылған көпшілікке кітаптар таратылып, авторлар қолтаңба берді. Мерекелік кеш Түркістан облысынан келген өнерпаздардың концертіне ұласты.